Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды
Фото: Спортшының жеке парақшасынан
Орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан VADA ұйымы допинг-тестінен тыйым салынған мельдоний затын анықтаған. Дәл осы себепті Жәнібектің алдағы кубалық Эрисланди Лара арасындағы біріккен чемпиондық жекпе-жек ресми түрде өтпейтіні белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл мәліметті бокс саласының бас инсайдері, журналист Дэн Рафаэль мәлімдеді.
“Маған Жәнібек Әлімханұлының VADA тестінің көшірмесін алуға мүмкіндік туды. Орта салмақтың біріккен чемпионының қанынаны мельдоний табылған. Осыған байланысты оның Лараға қарсы сенбіге жоспарланған жекпе-жегі өтпейді. PBC қазір Лараға жаңа қарсылас іздеуде. Бұл тест жайлы бірінші болып The Ring хабарлаған”, – деп жазды Дэн Рафаэль әлеуметтік желідегі парақшасында.
Premier Boxing Champions ұйымдастырушылары Жәнібектің орнына жаңа қарсылас бекітілгенін хабарлады. Ол – 34 жастағы колумбиялық Йохан Гонсалес (36-4, 24 KO). 1 наурызда Гонсалес бірінші орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Джаррет Хердті жеңген. Ал Херд кезінде дәл осы Эрисланди Лараны да ұтқан еді.

