Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Фото: instagram.com/saktaganovnurymbet

Өскеменде бұрынғы әкім, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін өткен екінші сот отырысында айыптаушы тарап оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Прокурордың мәліметінше, сотталушы алаяқтық және пара алу күдігімен айыпталып отыр. Сонымен қатар, оны мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айыру ұсынылды.

Жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар да ескерілген. Атап айтқанда, Жақсылық Мұқашұлының бұрын сотталмағаны және жеті баланы тәрбиелеп отырғаны айтылды. Ал ауырлататын жағдай ретінде мемлекеттік қызметші антын бұзғаны көрсетілді.

Айта кетейік, бұл іс бойынша жәбірленуші соттан Жақсылық Омарды бас бостандығынан айырмауды сұраған. Қазір сот талқылауы жалғасып, үкім әлі шыққан жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді.  Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат алғаш рет 13 ақпанда тараған еді. Ал облыс әкімдігі оның денсаулығына байланысты еңбек демалысына шыққанын мәлімдеді.

Талқылау