Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"OrdaMed" фармкомпаниясының басшылығы ұсталды: 4,5 миллиард теңгенің алаяқтығы әшкереленді

ҰҚК OrdaMed фармкомпаниясының басшылығын ұстады: Мемлекеттік шығын 4,5 миллиард теңгеФото: Видеодан скрин

Ұлттық қауіпсіз комитеті “OrdaMed” АҚ фармацевтикалық компания басшыларының ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

“OrdaMed” АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісінің бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған. Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген”, – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіз комитеті.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.

Тінту шаралары кезінде “OrdaMed” АҚ басшылығынан құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталары тәркіленіп, “Interdentica”, “Erkin Brand” және “OrdaMed” компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынды.

“Сот санкциясымен "OrdaMed" АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сай, өзге ақпарат жарияланбайтынын атап өтті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қазақстанда өндірілген деп көрсетілген медициналық жабдықтарды мемлекеттік ауруханаларға жеткізу әрекеттерін анықтады. Оған танымал қазақстандық кәсіпкер және табысты бизнес туралы кітабының авторы Еркін Длімбетов басқаратын “OrdaMed” компаниясының қатысы бар болып шықты.

Фото: АО "Ordamed"

Айта кетейік, компанияның ресми сайтында және eGov деректеріне сәйкес, OrdaMed басқарма төрағасы – 2022 жылғы қазан айынан бері кәсіпкер Еркін Длімбетов. Ол өзін компанияның құрылтайшысы ретінде көрсеткен. Алайда қазір оның құрылтайшылары туралы мәліметтер жоқ.

Соңғы бес жыл ішінде компанияның басшылығы бірнеше рет ауысқан, ал иелері туралы ақпарат жоқ. 2019 жылы қыркүйекке дейін компания басқа атаумен жұмыс істеген, бірақ бірдей БСН бойынша тіркелген – “ОрдаМед Орталық Азия”. Сол кезде құрылтайшылары Еркін Длімбетов пен Альмира Длімбетова болған. Компания қалыптасқалы бері бірнеше рет қайта тіркелген, 2008 жылғы құрылтайшысы да Еркін Длімбетов, ал 2006 жылы компанияның негізін қалаушы ретінде Искандер Мацaев деген тұлға көрсетілген.

Еркін Длімбетов – танымал кәсіпкер, 2024 жылы “OrdaMed” компаниясын басқару тәжірибесіне арналған “Компания с человеческим лицом” атты кітап шығарған. Сондай-ақ ол EY (Ernst & Young) компаниясы өткізетін “Жыл кәсіпкері” сыйлығының бір номинациясының жеңімпазы, Young Presidents’ Organisation жастар кәсіпкерлер ұйымының мүшесі және әртүрлі бизнес-клубтардың қонағы.

Талқылау