Тоқаев 1995 және 2026 жылдардағы Конституцияның басты айырмашылығын айтты
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The National Interest журналында авторлық мақаласын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың пікірінше, жаңа Конституция кемелдену және болашаққа батыл қадам жасаған кезеңді білдіреді.
“Егер 1995 жылғы Конституция тәуелсіздік пен аман қалуға бағытталса, 2026 жылғы Конституция – кемелдену, жаңару және болашаққа батыл қадам жасау кезеңінің көрінісі. Енді 15 наурыз еліміз тарихи таңдау жасаған күн – Қазақстанның Конституция күні ретінде аталып өтеді. Осы шешуші кезеңде біз тарихын құрметтейтін әрі әділетті мемлекеттің негізін қалап отырмыз. Сонымен қатар технологиялық прогресті, экономикалық ашықтық пен жауапты халықаралық әріптестікті ілгерілетіп келеміз”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы жаңа Конституция тиімді басқару туралы ғана емес, ең алдымен адам құқығын қорғайтынын айтты.
Қазақстанның жаңа Конституциясының мәтіні жарияланды
Парламентке 5 жаңа конституциялық заң жобасы енгізіледі – Тоқаев
“Алғаш рет Негізгі заңның ең көлемді бөлігі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналды. Құжат жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа, дербес деректерді қорғауға және тұрғын үйді негізсіз тартып алмауға кепілдік береді. Сонымен қатар сот билігінің тәуелсіздігін күшейтіп, әр азаматтың білікті әрі тәуелсіз құқықтық қорғауға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Енді болашақтағы барлық маңызды өзгерістер жалпыхалықтық референдум арқылы бекітіледі. Ал негізгі шешімдер халықтың өз қолында болады”, – деді президент.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның атқаратын функцияларына да тоқталды.
“Бұдан бөлек, жаңа Конституция ел дамуының стратегиялық негізін қалыптастырып, тұрақтылықты нығайтады. Оның жаһандық бәсекеге қабілетін арттырады. Мәселен, құжат меншік құқығын күшейтіп, зияткерлік меншікті қорғайды және экономикалық қызметке қатысты нақты ережелерді айқындайды. Сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан өңірлер үшін арнайы құқықтық режимдер енгізіліп, инновациялар мен өнеркәсіптің өсуіне серпін береді”, – деді Тоқаев.
Еске салайық, 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Кейін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды. Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.