Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

QazaqGaz Aimaq-тың топ-менеджеріне қатысты тергеу басталды – Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Фото: 24.kz арнасының видеокадрынан скрин

Жетісу облысындағы QazaqGaz Aimaq АҚ өндірістік филиалының директоры Айбек Ерғалиға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та Жетісу облысында QazaqGaz Aimaq аймақтық филиалының басшысы Айбек Ерғалидың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.

Мәліметтерге сенсек, оны ұлттық қауіпсіздік қызметіне облыстық департамент қызметкерлері ұстаған. Алайда қандай бап бойынша күдікке ілінгені нақты айтылмады.

Ведомство Айбек Ерғалидың ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа да шығармады.

"Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген комитет хабарламасында.

Айта кетейік, 21 қаңтар күні Айбек Ерғали әлі де жұмыс орнында болған. Ол сол күні брифинг өткізіп, газ бағасының қалыптасу тәртібі мен төлемді есептеу мәселелеріне қатысты түсініктеме берген. QazaqGaz Aimaq – еліміздегі ең ірі газбен қамтамасыз ету компанияларының бірі. Ол – ұлттық QazaqGaz компаниясының еншілес құрылымы және Қазақстан аумағында газды тасымалдау, тарату және тұтынушыларға сатумен айналысады.



Еске салайық, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді. Тараған ақпаратқа сенсек, шенеунікке 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Кейін экс-шенеунік алған параның сомасы шамамен 323 миллион теңге болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.

Талқылау