Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда жолаушылар автобусы мен мектеп автобусы соқтығысты: Зардап шеккендер бар (видео)

Фото: Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына қарасты Подстепное кенті маңында жолаушылар автобусы мен мектеп автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алдын ала мәлімет бойынша, №12 бағыттағы жолаушылар автобусы алда келе жатқан мектеп автобусына соғылған. Соққының әсерінен балалар отырған автобус инерциямен алдағы тұрған Ford Galaxy автокөлігіне барып соғылған. Ал жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, бағанаға соғылған.

"Оқиға республикалық маңызы бар "Самара – Шымкент" тас жолында шамамен сағат 14:00-де тіркелген. Теректі аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, жол апаты салдарынан зардап шеккендер бар, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар", – делінген хабарламада.

Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің саны мен жағдайы туралы қосымша ақпаратты кейінірек хабарлайтынын мәлімдеді.



Еске салайық, бұған дейін Қызылордада 13 наурыз күні үш көлік қатысқан жантүршігерлік жол апаты болып, ВАЗ-2104 жүргізушісі қаза тапты. Марқұм 6 баланың әкесі болған. Туыстарының айтуынша, Lexus көлігін басқарған 23 жастағы жүргізуші шамамен 200 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Марқұмның жақындары істің әділ қаралуын талап етіп, кейбір дәлелдердің бұрмалануынан қауіптенетіндерін білдірді.

Талқылау