Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтардың да қысқы спортта жетістіктерге жете алатынын дәлелдегім келеді – Асан Асылхан фристаил–акробатикадан әлем чемпионы

Асан АсылханФото:Stan.kz collage

Асан Асылхан небәрі 16 жасында XXV Қысқы Олимпиада ойындарында фристайл-акробатикадан Қазақстан намысын қорғаған ең жас спортшылардың бірі атанды. Шымкент қаласында дүниеге келген спортшы бұл спорт түрімен 5 жасынан бастап айналыса бастаған. Отбасында спортқа жақын жандар көп: әкесі боксшы болса, анасы каратэмен айналысқан. Ал ағасы “Қайрат” жастар командасында доп тепкен. Асанның фристайл-акробатикаға келуіне оның әпкесі себеп болған.

Жуырда жас спортшы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, мансабындағы ең жоғары жетістігіне қол жеткізді. Осы орайда Stan.kz тілшісі болашағынан зор үміт күттіретін жас талантпен сұхбаттасып, оның алдағы мақсат-жоспарлары туралы сұрап білді.

– Асан, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіп алған тарихи алтыныңыз құтты болсын! Олимпиададан кейін бірден әлем чемпионатына қатысу физикалық және психологиялық тұрғыдан қиын болған жоқ па?

– Құттықтауларыңызға көп рақмет! Олимпиададан кейін бірден әлем чемпионатында ел намысын қорғау керісінше оңай әрі жеңіл болды. Себебі Олимпиаданың буы және атмосферасымен құлшына жарысқа шықтым. Сондай-ақ осы жылы фристаил-акробатикадан бізде жүлде болмады. Сондықтан сол олқылықтың орынын жастар арасындағы әлем чемпионатында толықтыру керек болды.

– Сіз қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған ең жас споршы атандыңыз. Олимпиадаға лицензия алу қаншалықты қиын болды?

– Басында, шыны керек, 16 жасымда Олимпиадаға қатысып, елімнің намысын қорғайтыным өңім бе, түсім бе деп сене алмадым. Олимпиаданың атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Төрткүл дүние көз тіккен додаға барғанда жауапкершілік жүгін әдеттегіден екі-үш есе артық сезіндім. Олимпиадаға барудың өзі – әр спортшының арманы. Ал Олимпиадаға лицензия алу бір күнде бола салатын нәрсе емес, ол – ұзақ жылдар бойғы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Біздің спортта лицензия алу өте қиын: спортшылар әлем кубогі кезеңдерінде ұпай жинайды, ал соңғы кезеңде нақты нәтиже бойынша кімнің Олимпиадаға баратыны анықталады. Олимпиадаға барғанда қобалжу мен толқу – барлығы болды. Бірақ, бір өкініштісі жүлде ала алмадық. Осы жағдай қатты мұңайтты.

– Жүлде болмады деп жатырсыз ғой. Жүлде алуға не нәрсе кедергісін келтірді деп ойлайсыз? 

– Бұл сұраққа нақты бірдеңе айту қиын. Барлығы адамның психологиясына байланысты ғой. Адам психологиялық тұрғыдан мықты болғанда жеңетін шығар.

– Неліктен дәл фристаил-акробатиканы таңдадыңыз? Көпшілік қазақ жастары әдетте бокс, дзюдо немесе күрес түрлерін таңдайды ғой. Сізге қандай фактор әсер етті?

– Менің отбасымның барлығы дерлік спортпен айналысқан. Әкем – боксшы, анам – каратэші болған. Ал ағам "Қайрат" жастар командасында доп тепті. Әпкем екеуміз фристайл-акробатикамен айналыстық. Мен бұл спортқа бес жасымда келдім. Кішкентай кезімде әпкемнің жаттығып жүргенін көріп, мен де қызығушылық таныттым. Алғашында батутта секіріп жүрдім, кейін шаңғыға тұрдым. Бірақ жас болғандықтан, нақты қай спортпен айналысып жүргенімді толық түсіне бермедім. Қазіргі басты арманым – қоғамда жиі айтылатын "қысқы спорт түрлерінде орыстар ғана бар" деген қате пікірді өзгерту. Қазақтардың да қысқы спортта үлкен жетістіктерге жете алатынын дәлелдегім келеді.

– Жалпы, фристаил-акробатикамен айналысатын қазақ жастары көп пе? Елімізде бұл спорт түрімен қанша спортшы шұғылданады?

– Осы сәтті пайдаланып айта кетейінші. Дәл осы фристайл-акробатикамен айналысатын біздің спортшы 2025 жылғы Азия ойындарының чемпионы Шерзод Хаширбаев Шымкент қаласында өз еңбегімен, өзінің қаражатымен фристайл-акробатикамен шұғылданатын жер ашты. Осылайша ол фристайл-акробатиканың дамуына ерекше зор үлесін қосуда. Хаширбаев жалғыз өзі бізге бағыт-бағдар көрсетті. Қазақстанда фристаил-акробатиканың дамуына зор үлесіп жатқан адам. Ол біз сияқты артынан оның ізін қуып келе жатқан жас буынға сара жол салып беріп жатыр. Бапкерлеріміздің өзі айтады Шерзод Хаширбаевпен бірге өстік деп.

– Ал елімізде қысқы спорт түрлеріне, соның ішінде фристаил-акробатика қаншалықты көңіл бөлінеді? Қауіпті әрі күрделі спорт түрі болғандықтан, құрал-жабдық пен қар мәселесі қалай шешіледі?

– Өткен жылы Азия ойындарынан кейін бізге ең мықты шаңғылар, аяқкиім, формалар берді. Оқу-жаттығу жиындар болмай жатқан жоқ, болып жатыр, дайындаламыз. Мүмкіндіктер бар. Менің ойымша жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп жатыр. Қар мәселесіне келсек тек Алматыда дайындала аламыз.

– Фристайл-акробатикаға баулыған ең алғашқы бапкеріңіз кім болды?

– Менің ең алғашқы бапкерім – Эльмира Сабировна. Ол кісі қазір де бапкерлік қызмет атқаруда. Яғни жасөспірімдерді жаттықтырады. Қазіргі бапкерім – Іңкәрбек Бағлан. Одан бөлек Илия Голендов, Жібек Арапбаева және Ақжол Аманбеков. Осы бапкерлерімнің бағыт-бағдарының арқасында жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жардық.

– Осы жолда еңбек етіп жатқан бапкерлеріңізбің еңбегі қаншалықты деңгейде бағаланып жатыр?

– Бірде бапкерім бізге "Сендер жетістікке жеткен кезде өз аттарың шығып, өздерің ғана абырой жинайсыңдар", – деп айтты. Осы сөзін дәлелдеу үшін бізге мысал ретінде Елдос Сметовтың бапкерінің атын сұрады. Өкінішке қарай, біз оның бапкерінің есімін атай алмадық. Шынын айту керек, кез келген спортшы жетістікке жеткенде көп жағдайда тек спортшының аты аталып, бапкердің еңбегі көлеңкеде қалып жатады. Сондықтан біз, спортшылар, бапкерлеріміздің еңбегі орасан зор екенін әрдайым айтып, қай жерде болсақ та атап өтіп, елге жеткізіп отыруымыз қажет. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық бапкерлеріме зор алғысымды білдіремін. Жастар арасындағы жетістігім – менің ғана жеңісім емес, бапкерлерімнің ортақ жеңісі.

– Дайындық барысында дәрумендер, массаж, дәрігерлік қолдау жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген бе?

– Бізде 2025–2026 жылдары Олимпиадаға дейін массажист, дәрігер және психолог болды. Қазір, өкінішке қарай, массажист жоқ. Дәрі-дәрмек пен дәрумендер бар, оларды дәрігерлер қатаң бақылауда ұстайды. Антидопинг ережелеріне сәйкес, бізге үнемі ескертіп отырады. Қоғамдық тамақтану орындарына барғанда бір ыдыстан су ішкен жағдайда оның қақпағын ашық қалдырмау, жалпы мұқият болу қажет. Себебі ашық қалған тамаққа немесе суға допингтік заттар қосып жіберуі мүмкін.

– Жалпы, фристаил-акробатикамен айналысатын қазақ жастары көп пе? Елімізде бұл спорт түрімен қанша спортшы шұғылданады?

– Кейбір адамдар қысқы спорт түрлерінің ішінде фристайл-акробатика деген спорт бар екенін біле бермейді. Достарым бұл спортты көргенде оны өте қауіпті әрі қиын деп ойлайды. Әрине, бастапқыда бәрі күрделі әрі қорқынышты болып көрінуі мүмкін. Фристайл-акробатика қауіпті спорт түрі болғанымен, уақыт өте келе қорқынышты еңсеруге болады. Ал неге көп адамдар қысқы спортпен шұғылданбайды десек, оның бір себебі – олар қысқы спорт түрлерін жеткілікті деңгейде білмейді

Талқылау