Қазақстандық конькиші бес дүркін әлем чемпионы елге оралды
Фото:ҰОК
Кристина Шумекова Германияның Инцелль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес мәрте топ жарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айтулы жеңісінен кейін отандасымыз елге оралды.
Спортшының айтуынша, ол чемпионат алдында жүлдеге ілігетінін сезген, алайда 500 метр қашықтықта жеңіске жетемін деп ойламаған.
"Чемпионатқа дейін медаль алатынымды сездім, бірақ 500 метрде емес. Себебі маусым бойы бұл қашықтықта Әлем кубогы кезеңдерінде жүлде бұйырмады. Ал дәл әлем чемпионатында бірінші орын алдым", – деді ол.
Сондай-ақ спортшы Қазақстанның Әнұраны шырқалып, көк Ту көкке көтерілген сәттегі ерекше сезімін бөлісті.
"Бұл – керемет эмоция. Тұғырда тұрған сәтте Қазақстанның Туы көтеріледі, Әнұран ойнайды. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", – деді Шумекова.
Айта кетейік, Кристина Шумекова 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында, сондай-ақ кіші көпсайыс пен командалық спринтте әлем чемпионы атанды.
Қазақстандық спортшы конькимен жүгіруден әлем чемпионатында топ жарды
Ол 3000 метрде күміс жүлдеге ие болды. Жалпы ұпай саны бойынша көш бастап, жасөспірімдер арасындағы әлемнің абсолютті чемпионы атағын жеңіп алды.