Қазақстанда ҰБТ-ға балама жаңа тест енгізіледі
Фото: instagram/bilim_jane_gylym
Қазақстанда талапкерлер үшін жаңа форматтағы тестілеу жүйесі іске қосылмақ. Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған жоба бойынша, жаңа емтихан ҰБТ-мен қатар жүргізіліп, болашақта халықаралық SAT үлгісіндегі баламаға айналуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда талапкерлерге арналған жаңа тест әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа емтихан ҰБТ-мен қатар қолданылады және талапкерлерге таңдау мүмкіндігін береді. Жоба халықаралық мамандардың қатысуымен әзірленіп, мазмұны жағынан SAT форматына жақын болады.
Жаңа тесттің басты артықшылығы оның сертификаты тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге де мүмкіндік беруі. Сонымен қатар, тест тегін болады және оны жылына бірнеше рет тапсыруға жағдай жасалады.
Министрдің мәліметінше, жобаның пилоттық іске қосылуы 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған. Ал толыққанды енгізу 2027 жылға көзделіп отыр. Қазіргі кезеңде жаңа жүйе ҰБТ-мен қатар жүргізіледі.
Жобаны әзірлеуге шамамен 3 миллион доллар жұмсалған. Қосымша қаржыландыру Ұлттық тестілеу орталығының есебінен жүзеге асырылады. Орталық жыл сайын пробалық тестілеулер арқылы шамамен 1,5 миллиард теңге табыс табады.
Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері талапкерлерге қатысты ережелерге түсініктеме берді. Атап айтқанда, талапкерлер қаңтар, наурыз және тамыз айларында бейіндік пәндерін өзгерте алады. Ал негізгі тестілеу кезеңінде, яғни мамыр-шілде аралығында алғашқы тапсырудан кейін пәндерді өзгертуге рұқсат етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ 2026 жылы да бұрынғы форматта сақталып, жылына бес рет өткізілетінін жазған едік. Негізгі тестілеу кезеңі мамыр-шілде аралығында өтіп, талапкерлерге екі рет тапсыру мүмкіндігі беріледі. Шектік балдар өзгеріссіз қалды. Педагогика мен құқыққа – 75, медицинаға – 70, ұлттық ЖОО-ларға – 65, ал басқа бағыттарға – 50 балл. Сертификат 2026 жылдың соңына дейін жарамды.