Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қосымша құн салығы мен инфляцияның әсерінен оқу ақысы қымбаттамақ

Фото: Үкімет басшысы

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкіметтегі баспасөз конференциясында Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы оқу құны алдағы уақытта өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, оқу ақысының күрт қымбаттамайды. Дегенмен, инфляция мен салық жүктемесінің артуы бағаға әсер етпей қоймайды. 2026 жылдан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді. Осы өзгеріс жоғары оқу орындарының шығындарын арттырып, сәйкесінше оқу ақысының өсуіне ықпал етуі мүмкін

"Мемлекеттік университеттерде оқу ақысын реттеп отырмыз. Тек инфляция деңгейінде шамамен 10-15% көлемінде ғана түзетуге рұқсат беріледі. Биыл да бағаның күрт өсуіне жол бермейміз", – деді министр.

Сонымен қатар студенттердің шәкіртақысы оқу құнына қарағанда баяу өсіп жатқаны да өзекті мәселе болып отыр. Соңғы бес жылда шәкіртақы жыл сайын 20-25%-ға өсіп, екі есеге артқан. Алайда бағдарлама 2025 жылы аяқталған. Министрдің сөзінше, алдағы уақытта шәкіртақыны қайтадан кезең-кезеңімен арттыру жоспары қарастырылып жатыр, бірақ нақты шешім әзірге қабылданбаған.

"Қазақстанда ең жоғары шәкіртақы алатындар докторанттар, олардың ай сайынғы төлемі шамамен 262 мың теңге болады. Бұл шәкіртақыны да алдағы уақытта арттыру жоспарланып отыр. Ал педагогикалық мамандықтар бойынша, тіпті өңірлік жоғары оқу орындарының өзінде, жоғарылатылған шәкіртақы мөлшері шамамен 55 мың теңгеге жетеді", – деді министр Саясат Нұрбек.

Оның пікірінше, жаңа Салық кодексі мен инфляциялық қысым жағдайында оқу құнының біртіндеп өсуі сөзсіз. Ол өз кезегінде отбасылардың қаржылық жүктемесін арттырып, жоғары білімнің қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін дейді Саясат Нұрбек. Оның пікірінше, шығындар мен табыс арасындағы алшақтықтың ұлғаюы студенттерді қосымша жұмыс істеуге итермелеуі ықтимал.



Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда соңғы жылдары жоғары оқу орындарын тексеру күшейіп, талапқа сай келмейтін университеттер жабылып жатқанын да атап өтті. Министрдің айтуынша, негізгі себеп білім сапасының төмендігі, лицензия мен аккредитацияның болмауы. Соңғы уақытта Ақтөбе мен Атыраудағы бірқатар оқу орындары жабылып, студенттер басқа университеттерге ауыстырылған. Сондай-ақ Шымкенттегі бір ЖОО-ға қатысты сот процесі жүріп жатыр. Даулы жағдайлардың бірі Qamalladin University. Бұл оқу орны бакалавр дәрежесін 2 жылда алуға болады деп жарнамалағанымен, оның лицензиясы да, аккредитациясы да жоқ екені анықталған. Министрдің сөзінше, кез келген оқу бағдарламасы арнайы мемлекеттік реестрде тіркелуі тиіс. Ал бұл талап сақталмаған жағдайда, университеттің жоғары білім беруге құқығы болмайды.

Талқылау