Қазақстанда бірнеше университет жабылып қалды: Ғылым министрі мұның себебін түсіндірді
Фото: Яндекс Карта
Қазақстанда жоғары оқу орындары тексеріліп, сапасыз білім беретін және лицензиясы жоқ университеттер жабылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Үкіметтегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл процесс бірнеше жылдан бері жүріп келеді, алайда соңғы уақытта айтарлықтай күшейді.
“Жақында Ақтөбеде Қазақстан-Ресей университеті толық жабылды. Студенттер басқа оқу орындарына ауыстырылды. Атырауда да бір жоғары оқу орны жабылды. Қазір Шымкенттегі бір университетке қатысты сот процесі жүріп жатыр. Мұндай университеттер білім сапасының төмен болғаны және жалған қызметтің салдарынан жаппай жабылып жатыр. Мен министр болып тағайындалғалы үш университет лицензиясынан айырылды”, – деді министр.
Брифинг барысында Qamalladin University мәселесі де көтерілді. Бұл оқу орны студенттерге бакалавр дәрежесін небәрі екі жылда алуға болатынын айтып отыр. Алайда аталған университеттің лицензиясы да, аккредитациясы да жоқ болып шыққан.
“Бұл университетке лицензия берілмеген және аккредитациясы жоқ. Ол өзін қалай атаса да, толыққанды жоғары білім беруге құқығы жоқ”, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, түлектерге шетелдік, атап айтқанда Швейцария университетінің дипломы беріледі деген уәж де заңдылықты ақтамайды.
“Кез келген білім беру бағдарламасы міндетті түрде арнайы реестрде тіркелуі тиіс. Бұл университеттен мұндай өтінім түскен жоқ”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ университеттеріне оқуға түсетін қазақстандық студенттер азайғаны туралы жазған едік.