Қазақстан тарихында алғаш рет семсерлесуден Әлем кубогі өтпек
Фото:ҰОК
Елордада семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңі ұйымдастырылмақ. Байрақты бәсеке Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Турнир ерлер және әйелдер арасында жеке және командалық сындар бойынша өтеді. Бұл дода Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) күнтізбесіне енген беделді жарыстардың бірі саналады.
Дәстүрлі түрде Әлем кубогінің кезеңдерін Швейцария, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері және Канада қабылдап келсе, биыл бұл тізімге алғаш рет Қазақстан қосылды.
Аталған жарыста ұлттық құрама сапында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді.
Жалпы, әр дисциплина бойынша ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде, 30-ға дейін отандық спортшы жүлде жолында бақ сынамақ.
Айтулы дода 26–29 наурыз аралығында Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені базасында өтеді.
Халықаралық жарысқа 96 елден 600-ден астам спортшы қатысады деп жоспарлануда.