“Қаражат бөлінсе неге мәселеміз шешілмей жатыр”: Алматыда мәнерлеп сырғанаушылар мұзайдынсыз қалғанын айтып шағымдануда
Фото:Видеодаскрин
Алматы қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ата-аналары балалары жаттығатын мұзайдынсыз қалғанын айтып, наразылық білдіруде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әу баста жас спортшылар “Димаш” мұзайдынында жаттығып, кейін кетуге мәжбүр болған. Артынша оларды “Астана” аренаға жібергенмен ол жақта қазіргі концерттік іс-шараларға байланысты спортшыларға бос орын тимеген.
Осылайша спортшылар қысқа мерзім ішінде екі мәрте жаттығу орындарынан айырылып отын. Бұл жағдайдың барлығы дұрыс дайындалу пороецессін келтіріп отыр.
Ата-аналар атынан сөйлеген Ксения Юрьевнаның айтуынша, мәнерлеп сырғанау маусымы басталған қаңтар-наурыз айлары аралығында балалар мұз айдынынсыз қалған. Оның сөзінше, қаңтарға дейін балалар “Димаш” аренасында жаттығып келген, алайда кейін жалға алу мәселелеріне байланысты “Алматы” аренаға көшірілген.
"Біздің балаларымыз қаңтар айына дейін “Димаш” аренасында жаттығып жүрді. Ол кезде барлығы жақсы еді. Кейін жалға алу мәселелеріне байланысты қиындықтар туындап, бізді “Алматы” аренаға көшірді", – дейді Ксения Юрьевна.
Алайда ата-аналардың айтуынша, “Алматы” арена спортшыларды концерттік іс-шаралардың тығыздығына байланысты қабылдай алмаған.
"Балалардың жаттығуын “Алматы” аренаға ауыстырғанда, бізді қабылдамай қойды. Себебі мұнда концерттік іс-шаралар жиі өтеді, сондай-ақ мұз айдыны басқа спорт түрлеріне, мысалы, хоккейшілерге де бөлінген", – дейді ата-ана.
Кейін мәнерлеп сырғанаушыларға “Халық” аренасында жаттығу ұсынылған. Бірақ бұл нысан ата-аналар үшін қолайсыздық тудырып отыр.
"Қазіргі таңда бізге “Халық” аренасын ұсынды. Бірақ ол біз үшін ыңғайсыз, жолы алыс. Балалар спорттан бөлек мектепке де барады, сондықтан сабаққа кешігіп қалу қаупі бар", – дейді ата-аналар.
Сонымен қатар ата-аналар бұл мәселе бойынша басшылыққа жүгінгендерін, дегенмен нақты шешім табылмағанын айтады.
"Біз басшылыққа бардық, бірақ мәселе шешілген жоқ. Тек “Халық” аренасын ғана ұсынып отыр. Ал жаңалықтарда спортқа жеткілікті қаражат бөлініп жатыр дейді. Егер солай болса, неге біздің мәселе әлі шешілмей отыр?" – дейді Ксения Юрьевна.
Бұл даулы мәселе төңірегінде Алматы қаласының әкімдігі ресми жауап берді.
Әкімдіктің хабарлауынша, спортшылардың уақытылы жаттығуы үшін тиісті шаралар қабылдануда.
"№3 кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің мәнерлеп сырғанаудан оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру мәселесі Алматы қаласы Спорт басқармасының тұрақты бақылауында. Жаттығу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылданды. Бұған дейін тәрбиеленушілер үшін сағат 11:30-да жаттығу уақыты қарастырылған еді. Енді осы уақытқа қосымша ретінде бүгіннен бастап “Олимпик” мұз айдыны кешенінде алдағы бір айға сағат 16:15-тен 17:45-ке дейін қосымша мұзға уақыт бөлінді", – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ әкімдік жас мәнерлеп сырғанаушылар 1 сәуірден бастап “Алматы Арена” кешенінде тұрақты уақытта жаттығатынына сендіріп отыр.
"1 сәуірден бастап “Алматы Арена” кешенінде тәрбиеленушілер үшін тұрақты негізде сағат 16:15-тен 17:15-ке дейін қосымша мұз уақыты бекітілді. Осылайша, оқу процесіне кедергі келтірмейтін, жүйелі әрі тұрақты жаттығу кестесі қалыптастырылып отыр.", – деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.