Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ректордың атынан хабарлама келген": Еуразия ұлттық университетінің түлектері жеке деректерінің тарап кеткенін айтып шағымданды

Еуразия ұлттық университетінің түлектері жеке деректерінің тарап кеткенін айтып шағымданды

Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желіде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕНУ) түлектеріне университет ректоры Ержан Сыдықов атынан белгісіз тұлғалардың хабарлама жіберіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Түлектер өздерінің жеке деректерінің тарап кеткенін алға тартады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Белгісіз нөмірден келген хабарламалар туралы Анна Макарова Threads әлеуметтік желісінде жазба қалдырды. 

"Бұрынғы ЕНУ студенттері, біздің деректер толықтай тарап кеткен сияқты. Бүгін бізге алаяқтар жазды. Олар ресми құжаттардың қалай болатынын нақты білмейді. Қолтаңба мен мөр үлгілерін интернеттен алып пайдаланған сыңайлы. Мәселенің мән-жайын анықтауға уақыт болған жоқ. Бірақ группаластарымызбен бұл оқиғаға күліп үлгердік. Сүйікті ЕНУ, сіздерде қандай қаржылық терроризм болып жатыр? Басқа ЕНУ түлектеріне де осындай хабарламалар келді ме?" – деп жазды ол.

Еуразия ұлттық университетінің түлектері жеке деректерінің тарап кеткенін айтып шағымданды

Фото: Әлеуметтік желіден

Жарияланған скриншоттардан қазақстандық әйелге өзін ЕНУ ректоры Ержан Сыдықов деп таныстырған адам хабарлама жібергені көрінеді.

Белгісіз тұлға университеттің қазіргі және бұрынғы студенттерінің деректері таралып кеткенін айтып, бұл бойынша тергеу жүріп жатқанын жеткізген.



Еуразия ұлттық университетінің түлектері жеке деректерінің тарап кеткенін айтып шағымданды

Фото: Әлеуметтік желіден

Ал Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі студенттер мен түлектердің жеке деректерінің таралу фактісін растамады.

"Университеттің серверлері, ақпараттық жүйелері мен дерекқорлары бұзылған жоқ, мұндай оқиғалар тіркелмеген. Таралып жатқан хабарламалар алаяқтық белгілерге ие. Белгісіз тұлғалар ашық дереккөздерді, сондай-ақ жеке мәліметтер мен суреттерді, оның ішінде университет ректорының деректерін пайдаланып, адамдарды шатастыруға тырысуда. Университет тарапынан қажетті шаралар қабылдануда, соның ішінде құқық қорғау органдарына тексеру жүргізу үшін ресми өтініш жолданды. Студенттер мен түлектерден сақ болуды, белгісіз адамдармен хат алмаспауды, жеке деректерді бермеуді және мұндай хабарламаларға қатысты тек университеттің ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда жеке деректерді таратып жібергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылған еді.

Талқылау