Ем алу, киім-кешек және автокөлік: Соңғы 3 жылда қазақстандықтардың шығындары қаншалықты өсті

Фото: Ru.freepik.com
2025 жылғы желтоқсанның қорытындысы бойынша қазақстандықтар күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызметтердің орташа бағасы соңғы үш жылда, яғни 2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, 33,9%-ға өсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еnergyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, 2022 жыл Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты басталған геосаяси дағдарыстың бастапқы кезеңіне тұспа-тұс келді. Одан кейін енгізілген санкциялар мен сауда және логистикалық бағыттардың қайта құрылуы бағаның өсуіне әсер етті.
Су, электр энергиясы, газ және басқа да отын түрлерін қамтитын тұрғын үй-коммуналдық қызметтер соңғы үш жылда 42,2%-ға қымбаттады. Медициналық қызметтердің бағасы шамамен бір жарым есе өсті. Сондықтан бұл қазақстандықтар шығын көп салалардың бірі болды. Дәрі-дәрмек бағасы да айтарлықтай өсіп, 38,2%-ға жетті.
Киім бағасы 34,5%-ға, аяқ киім 39,4%-ға көтерілді. Сондай-ақ шаштараз, тұрмыстық техника, жуыну бөлмесіне арналған заттар сияқты күнделікті тұрмыстық тауарлар мен қызметтер 38,5%-ға қымбаттады.
Автокөлік иелерінің де шығындары артты. Жеке көлікті пайдалану құны шамамен 33%-ға өсті. Ал қоғамдық автокөлік қызметтерінің бағасы салыстырмалы түрде баяу өсіп, 28,3%-ға жетті.
“Мектеп жасындағы балаларға арналған спорт секцияларындағы сабақтардың бағасы айтарлықтай өсіп, 35,9%-ға қымбаттады. Бұл отбасылық бюджетке қосымша салмақ түсіріп отыр. Ал мектеп пәндері бойынша білім беру орталықтарының қызметтерінің құны айтарлықтай өспеді, яғни 23% болды”, – деп жазды басылым.
Сонымен қатар балалар арасында кең тараған фастфудтың бағасы да соңғы үш жылда 37%-ға көтерілді. Бұл үйден тыс жерде тамақтану қымбатқа түседі деген сөз.