Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы 200 доллар болған жағдайда Қазақстан экономикасына не болады

Фото: freepik.com

Қазақстандық қаржы сарапшылары мұнай бағасы барреліне 200 долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтып дабыл қақты. Бұл Қазақстан үшін пайдадан гөрі қауіптің күшейгенін білдіреді дейді олар. Ормуз бұғазы айналасындағы шиеленіс және АҚШ пен Иран арасындағы текетірес нарықтағы тұрақсыздықты үдетіп отыр. Бұл мәселені Stan.kz  толығырақ зерттеп көрді.


“Мұнайдың баррелі 200-ге жетсе не болады? Ақ үй ең нашар деген жағдайға дайындалып жатыр”

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның мұнай өнеркәсібін толық бақылауға алу қаупін ашық айтып, Тегеранға қатаң талап қойды. Соған қарамастан ол Иранмен жанама келіссөздер Пәкістанның арағайындығымен "жақсы қарқынмен" жүріп жатқанын да айтты. Трамп енді ресми түрде Вашингтон Тегеранға 6 сәуірге дейін уақыт берді. Осы мерзім ішінде Иран АҚШ ұсынған келісімге келмесе, Америка Қарулы күштері Ислам республикасының энергетикалық нысандарына соққы беруге дайын.

Әлемдік мұнай нарығы үшін стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай да күрделене түсті. Себебі дәл осы бұғаз арқылы әлемдегі мұнайдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Алайда Трамп осы бағытта нақты келісімнің қашан жасалатынына қатысты нақты жауап бермеді.

Дональд Трамптың айтуынша, келісім өте қысқа мерзімде жасалуы мүмкін. Осы мәлімдемеден соң мұнай геосаясатының тағы бір шиеленіскен кезеңге аяқ басқанын аңғартады. Егер келіссөздер нәтиже бермесе, Таяу Шығыстағы жағдай ушығып, оның салқыны әлемдік энергетика нарығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Bloomberg ақпарат агенттігінің мәліметінше, АҚШ әкімшілігі мұнай бағасы барреліне 200 долларға дейін шарықтаған жағдайда не болатынын есептеп, ең қатерлі кезеңдерді болжай бастады.

Айта кетейік, мұнай бағасының 200 долларға дейін көтерілуі соңғы жарты ғасырда тек бір рет болған, яғни тек 2008 жылы. Әлемдік қаржы дағдарысының қарсаңында ғана тіркелген. Осы ретте Американың қаржы министрі Скотт Бессенттің өзі де мұндай деңгей қазіргі жағдайда жаһандық экономика үшін аса ауыр соққы болатынын айтып отыр. Қаржы министрі өзінің болжамын соғысқа дейін-ақ осындай жағдайдан қауіптенгенін айтты. Оның алаңдаушылығы бекер емес, себебі әскери шиеленіс мұнай бағасын бірден аспандатып, экономиканы тұралатып тастауы мүмкін дейді басылым.

Қазір "қара алтын" барреліне 104 доллардан (50 232 теңге) асып, наурыздан бері 43% өсімге теңесті. Тіпті кей сарапшылар 200 долларға (96 600 теңге) дейін жетуі мүмкін дейді. АҚШ пен Иран келісімге келе ме бұл тек саяси емес, экономикалық мәселе.

Егер Тегеран келіссөздерден бас тартса, соққы Қазақстанға да тиеді. Қазақстандық қаржы сарапшылары Алмат Орақбай мен Магбат Спановтың  айтуынша, қауіптің өзі нарықты қыздырып үлгерді. Ормуз бұғазы жабылады деген болжам мұнай бағасын күрт өсірді. Иә, бұл Қазақстанға уақытша пайда әкелуі мүмкін. Бірақ тұрақсыздық күшейсе, осы артықшылық тез-ақ тәуекелге айналады. Әлемде инфляция өседі, сұраныс төмендейді, экономика баяулайды. Мәселе біреу, яғни мұнай қымбаттаған сайын пайда ғана емес, қауіп те бірге өсіп жатыр. 

Мұнайдың "суперқымбат" тұзағы

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші талдаушысы Алмат Орақбай айтуынша, мұнда қайшылық бар. Енді мұнай баррелі 200 долларға (96 600 теңге) дейін шарықтауы мүмкін, бірақ ол баға ұзаққа бармайды.

Себебі мұндай шектен тыс қымбатшылық өз-өзін жоятын механизмді іске қосады. Қымбат отын бүкіл әлемде тауар бағасын аспандатып, ақыр соңында жаһандық рецессияға (экономиканың баяулауы, яғни елде өндіріс, сауда, табыс және жұмыс орындары азая бастайтын кезең) әкеледі. Ал мұндай жағдайда шикізатқа тәуелді елдердің бәрі, соның ішінде Қазақстан да, ауыр соққы алады”, – сарапшы.

Жетекші талдаушы Алмат Орақбай сөзінше, Ормуз бұғазы жабылуы мүмкін деген қауіптің өзі нарыққа "қорқыныш бағасын" қосып үлгерді.

"300-400 миллион баррель стратегиялық қорды нарыққа шығару, тәулігіне шамамен 2 миллион баррель қосу, кеме қатынасын әскери қорғау мұның бәрі жағдайды тек уақытша жеңілдетеді. Бірақ осы шаралар мұнай бағасының өсуін тоқтатпайды. Нарықтағы қысымды тек бәсеңдетуі мүмкін", – дейді Алмат Орақбай.

Фото: Алмат Орақбайдың жеке архивінен

Алайда мұнай бағасы барреліне 150 долларға (72 450 теңге) жеткеннің өзінде Қазақстан экономикасы мен халықтың табысы қатты соққыға ұшырайды. Себебі ел импортқа тәуелді. Қымбат мұнай сатудан түсетін қосымша табыс жаһандық инфляцияның "жұтылуына" кетеді. Яғни, шикізат экспортынан түскен кіріс қымбаттап кеткен шетелдік тауарлар мен құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Яғни, сырттай қарағанда байып жатқандай көрінгенімен, іс жүзінде ел қымбатшылықтың құрбанына айналады. Сарапшы қазіргі жоғары бағалар нақты сұраныстың көрінісі емес екенін айтып ескерту жасады. Мұндай геосаяси "премия", яғни нарықтағы үрей мен жеткізілім үзілу қаупінің бағасына айналмақ.

Ішкі нарық пен валюта бағамына әсері

Мұнай-газ секторы елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 20%-ына тең. Ол шоғырландырылған бюджет кірістерінің 30%-дан астамын қамтамасыз етеді және экспорттың жартысынан көбін береді. Сондықтан мұнай бағасының өсуі сауда балансын жақсартып, валюталық түсімдердің артуына ықпал етеді және теңге бағамын қолдайды. Қазақстан экономикасының "жүрегі" мұнай. Ол ішкі жиынтық өнімнің шамамен 20%-ын, бюджет кірісінің үштен бірін және экспорттың жартысынан көбін береді. Сондықтан баға өссе, теңге де уақытша тыныс алады", валюталық түсім көбейіп, сауда балансы жақсарады. Бірақ бұл жалған тұрақтылық дейді Алмат Орақбай.

Алмат Орақбайдың пікірінше, мұнайдың қымбаттауы қысқа мерзімде инфляцияны тежегендей көрінеді. Алайда ұзаққа созылса, керісінше, экономикаға қысымды күшейтіп, жаңа инфляциялық толқын тудыруы мүмкін.

"Мұнай бағасының ұзақ уақыт жоғары болуы бюджет шығындарының артуына және ішкі сұраныстың күшеюіне ықпал етіп, қосымша инфляциялық қысым қалыптастырады. Экономиканы әртараптандыруға деген ынтаны әлсіретуі мүмкін, өйткені мұнайдан түсетін табыстар ішкі теңгерімсіздіктерді уақытша жұмсартады", – дейді Алмат Орақбай.

Бұдан бөлек, Алмат Орақбай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бағалауына сүйене отырып, Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік экономикаға екі жақтан соққы беретінін айтады. Бір жағынан өсімді тежейді, екінші жағынан қымбат мұнай арқылы инфляцияны үдетеді дейді сарапшы.

"Ормуз бұғазы арқылы транзиттегі іркілістердің ауқымы мен ұзақтығы, сондай-ақ мұнай өндіру мен сұйытылған табиғи газ инфрақұрылымына төнетін қауіптер инфляциялық қысымның анағұрлым тұрақты болуын көрсетеді. Жаңартылған болжамда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы G20 елдері бойынша 2026 жылға арналған орташа инфляция деңгейін 2,8%-дан 4,0%-ға дейін көтерді. Ең күрделі жағдай АҚШ-та байқалуы мүмкін, мұнда инфляция 4,2%-ға дейін жетіп, алдыңғы бағалаудан 1,2%-дық тармаққа жоғары болады", – дейді Алмат Орақбай. 

Инфрақұрылымдық тұйық

Қазақстан геосаяси қақтығыстың қыспағында қалуы мүмкін бе? Тағы бір маңызды мәселе, ол инфрақұрылым екенін айтқан жөн. Әлемдік экономика мұнайды кез келген бағамен сатып алуға дайын болған күннің өзінде, Қазақстан жоғары тәуекел аймағында қалып отыр. Ел жылына 85-100 миллион тонна мұнай өндіреді. Алайда осы көлемнің 70-80%-ы бір ғана бағытқа – Ресейдің Новороссийск портына шығатын Каспий құбыр консорциумына тәуелді дейді қаржы сарапшы Магбат Спанов.

Фото: azertag.az / Магбат Спанов

Қаржы сарапшысы Магбат Спанов негізгі логистикалық бағыт Ресей арқылы өтеді және біз КҚК айлақтарының бұған дейін шабуылға ұшырағанын еске салды.

"Әзірбайжан арқылы танкерлермен өтетін балама бағыт бұл көлемдерді толық жаба алмайды, оның үстіне Иранмен көршілес орналасуы экспорт үшін қосымша геосаяси тәуекелдер туғызады", – дейді Магбат Спанов.

Оның сөзінше, Каспий құбыр консорциумы жүйесіндегі кез келген іркіліс қазіргі баға жағдайында Қазақстан бюджеті үшін күн сайын орасан зор шығындарға әкеледі.

Қазіргі барреліне 100-104 доллар (48 300-50 232 теңге) шамасындағы баға дәлізі нарыққа соққы бермей, фискалдық жүйені тұрақтандыруға мүмкіндік беретін тиімді "мүмкіндіктер терезесі". Алайда баға 150 доллардан (72 450 теңге) асып кетсе, бұл қаржылық пайдадан жүйелік макроэкономикалық қауіпке айналады. Әлемдік сұраныстың құлдырауы, жаһандық инфляцияның импортталуы және логистикалық тәуекелдердің күшеюі ықтимал”, – деп түсіндірді Магбат Спанов.

Қазіргі жағдайда басты басымдық артық табысты игеру емес, тәуекелдерді хеджирлеу және резервтерді жинақтау, дейді қазақстандық сарапшылар.

Не күтеміз?

Таяу Шығыстағы қақтығыс әлемдік шындықты өзгертіп үлгерді. Қазақстан үшін бұл технологиялар мен жабдықтар сияқты стратегиялық маңызды импорттың сөзсіз қымбаттауын білдіреді. 

Баға динамикасының алдағы өзгерісін дәл болжау мүмкін емес. Түпкі нәтиже қазіргі таңда өте белгісіз болып отырған сұраныс пен ұсыныс факторларының тепе-теңдігіне байланысты қалыптасады.

Негізгі шешуші бағыт АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер. Қазіргі баға деңгейі көбіне қақтығыстың реттелу ықтималдығының төмен екенін көрсетеді. Алайда келіссөздерде қандай да бір ілгерілеу болса, нарықтағы жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін.



Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның мұнайын бақылауға алғысы келетінін мәлімдеді. Financial Times басылымына берген сұхбатында Трамп "мұнайды басып алуды жөн көретінін" айтып, бұл қадамды Венесуэладағы жағдаймен салыстырды. Оның айтуынша, АҚШ қаңтар айында венесуэлалық көшбасшы Николас Мадуро қолға түскеннен кейін елдің мұнай саласын "ұзақ мерзімге" бақылауда ұстауды жоспарлап отыр.

Талқылау