Қазақстанда студенттер шәкіртақысын тағы да өсіру жоспарланып отыр
Ғылым және жоғары білім министрі Қазақстанда шәкіртақы өсе ме деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет брифингінде журналистер министрден, студенттердің шәкіртақысы өсе ме деп сұрады.
Министр Саясат Нұрбек соңғы бес жылда шәкіртақылар жыл сайын кезең-кезеңімен 20–25%-ға өсіп келе жатқанын айтты.
“Соңғы бес жылда біз шәкіртақыны жыл сайын 20–25%-ға көтеріп отырдық. Жалпы алғанда, шәкіртақы шамамен 100%-ға өсті. 2025 жылы бұл бағдарламаны аяқтадық. Енді Үкіметпен бірге осы бағдарламаны қайта жандандырып, шәкіртақыны жыл сайын өсіру мәселесін қарастырамыз”, – деді министр.
Оның айтуынша, елімізде ең көп шәкіртақыны докторанттар алады. Қазір PhD докторанттары ай сайын шамамен 254 мың теңге шәкіртақы алады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да ұлғая түспек.
Сонымен қатар педагогикалық мамандықтар бойынша да шәкіртақы көлемі артқан.
Министрдің мәліметінше, қазір Қазақстандағы ең төменгі шәкіртақы мөлшері – 55 мың теңге.
Министр оқу ақысының өсуіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бағаның өсуі реттеледі. Демек, жоғары оқу орындары оқу құнын жыл сайын 10–15%-дан артық көтере алмайды.
Айта кетейік, бұған дейін 2025-2026 жылғы оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңгеге өсетіні туралы жазған едік.