Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адал еңбегіммен тапқан ақшамды бермей қойды": Азия чемпионы жалақысын ала алмай жүргенін айтып, шағымданды

ЖүзуФото:ҰОК

Жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Софья Сподаренко жалақысы негізсіз түрде қысқарғанын айтып, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жүзуден ұлттық құрама мүшесі Софья Сподаренко әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан облысының спорт басқармасына өз наразылығын білдірді. Спортшының айтуынша, ол өзіне тиесілі жалақыны толық ала алмай жүр. Сонымен қатар, оған берілген құжаттар да  тек “Қазақстан чемпионы” ретінде ғана көрсетілген, ал шын мәнінде ел чемпионы ғана емес, Азия чемпионатының қола жүлдегері екенін айтуда. Сподаренко осы жетістіктерінің не себепті есепке алынбағанына қатысты үндеу жасады.

“Сәлем, бәріне! Менің атым – Софья Сподаренко. Мен жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесімін. Сондай-ақ Түркістан облысының намысын қорғаймын. Бұған қоса осы спорт түрінен көшбасшылардың бірімін. Бүгін мен сіздерге Түркістан облысындағы, нақты айтқанда біздің спорт түріміздегі қаржыландыру мәселелері туралы айтқым келеді. Мен Ислам ынтымақтастық ойындарының екі дүркін чемпионымын, онда екі алтын медаль жеңіп алдым. Биыл Азия чемпионатында үш рет қола жүлдеге қол жеткіздім. Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегерімін. Тіпті Қазақстан рекордтын жаңартып, тарихи нәтижелерге қол жеткіздім. Алайда осы жетістіктерімнің біраз бөлігі өңірде есепке алынбады. Қазір біз алатын жалақы біздің нәтижелерге сай емес. Бұл – күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ біз шынымен адал еңбегімізбен тапқан, бізге тиесілі ақшамызды ала алмай отырмыз”, – деді Софья.

Сонымен қатар ол жауапты барлық жерге хабарласқанын, алайда нақты жауап ала аламағанын айтып отыр.

“Бұл – эмоциялық видео емес, бұл менің – соңғы амалым. Біз көптеген әрекет жасадық. Атап айтсам egov арқылы өтініш жолдадық. Бірақ Түркістан облысының спорт басқармасы бізге кей атақтарымыздың есепке алынбағанын ғана айтты. Мысалы, мені тек ғана "Қазақстан чемпионы" деп көрсеткен. Ал мен тек ел чемпионы ғана емес – "Азия чемпионатының қола жүлдегерімін". Сонда неге менің бұл жетістіктерім есепке алынбайды? Бұған нақты кім кінәлі? Нақты кім кінәлі екенін кім екенін айтады? Бұл қателікті нақты кім түзетеді? Ешқандай сұрағымызға жауап жоқ. Неге? Біздің жетісітігімізге сай толық ақшаны кім төлейді әрі қашан төлейді? Қалай төлейді? Бұған нақты жауап жоқ. Сол себепті мен әлеуметтік желілерге жүгінуге мәжбүр болып тұрмын. Мен әрқашан Түркістан обылысы мен Қазақстандағы жүзу спортының дамуына үлес қостым. Бұндай жағымсыз ақпарат тарату ойымда да болмаған. Бірақ қазіргі жалақы мәселесіне байланысты осылай үндеу жасауға мәжбүр болып тұрмын. Қазіргі мәселеміз тіпті айтарлықтай қиын. Сондықтан менің жоғалтатын ештеңем қалмады. Өңірдегі осы мәселеге назар аударуларыңызды сұраймын”, - деді спортшы

Даудан кейін Түркістан облысының спорт басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомство өз әрекеттерін заңға сай деп санайды. Онда Сподаренконың гидрокостюм алуға берген өтініші қаралғаны, алайда қажет қаржыландыру болмағандықтан жабдық сатып алу мүмкін болмағаны айтылған. Сондай-ақ Ресейге жаттығу жиындары мен сапарлар бекітілген күнтізбелік жоспарға енбегендіктен, оларға қаржы бөлінбегені көрсетілген.

Түркістан облысының әкімдігі де спортшыға оның мәртебесіне сәйкес барлық қажет қолдау көрсетілгенін хабарлады.

"Софья Сподаренко – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан азаматтығын қайта алғаннан кейін облыс оған спорттық мансабын жалғастырып, ресми жарыстарға қатысуға және аймақтық құрамаға қосылуға жағдай жасады. Биыл спортшының нәтижелері жақсарды", – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Софья Сподаренко Өскеменде дүниеге келген. Қазақстан азаматтығын қайта алғанға дейін ол ұзақ жылдар бойы Ресей құрамасында өнер көрсетті.

2023 жылы ол 50 метрге баттерфляй жүзуден Қазақстан рекордын жаңартты. Ал 2024 жылы дәл осы қашықтықта Азия чемпионы атанды. 2025 жылы Азия чемпионатында үш қола медаль жеңіп алды. Бұған қоса Ислам ынтымақтастық ойындарында екі алтын медаль иеленді.

Талқылау