Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айлық есептік көрсеткіш өскен: Тоқаев үш жылдық республикалық бюджетке қол қойды

Айлық есептік көрсеткіш өскен: Тоқаев үш жылдық бюджетке қол қойдыФото: depositphotos.com

Мемлекет басшысы “2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Қарашаның соңында парламент 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды бекітті. Құжат айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі жалақы, күнкөріс минимумы сияқты негізгі әлеуметтік параметрлерді белгілейді. Осы көрсеткіштерге зейнетақы, жәрдемақы, айыппұлдар және басқа да көптеген төлемдердің мөлшері байланысты.

2026 жылға арналған негізгі көрсеткіштер:

Айлық есептік көрсеткіш – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге).

Ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (өзгеріссіз).

Ең төменгі базалық зейнетақы – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге).

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге).

Күнкөріс минимумы – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге).


Сүлейменов: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдан бастап төмендете бастайды


Құжатқа сәйкес, мемлекеттік шығындар жыл сайын шамамен 1 триллион теңгеге өседі. Жоспарланған динамика:

2026 жыл — 27,7 триллион теңге;

2027 жыл — 28,7 триллион теңге;

2028 жыл — 29,7 триллион теңге.

Ал кіріс (трансфертерді есептемегенде) шығыстан төмен болады:

2026 жыл — 19,2 триллион теңге;

2027 жыл — 21,2 триллион теңге;

2028 жыл — 23,2 триллион теңге.

Яғни, болжам бойынша жыл сайын бюджеттің шығындары кірістен бірнеше триллион теңгеге көп болады. Айырмашылық трансферттер және басқа да көздер есебінен өтеледі.

Ұлттық қордан кепілді трансфер 2026–2028 жылдары өзгеріссіз қалады. Ол жыл сайын 2,7 триллион теңге көрсеткішінде.

Мемлекеттік бюджет – елдің ортақ қаржы қоры. Ол негізінен азаматтар, кәсіпкерлер және компаниялар төлейтін салықтар арқылы қалыптасады. Жалақыдан ұсталатын салықтар, тауарлар мен қызметтердің бағасына қосылған ҚҚС, бизнестің корпоративтік салықтары, көлік пен мүлік сатып алғанда төленетін алымдар – осының бәрі мемлекеттік кірістің негізгі бөлігін құрайды. Бюджет кірістерінің шамамен 80 пайызы дәл осы салықтардан түседі.

Жиналған қаражат «жалпы қазынаға» жинақталып, мемлекет сол арқылы зейнетақы мен жәрдемақыларды, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын, жолдар мен инфрақұрылымды, сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің жалақысын қаржыландырады. Сонымен қатар бюджетке айыппұлдар, кедендік төлемдер, мемлекеттік мүлікті жалға беруден түсетін кірістер және Ұлттық қордан бөлінетін трансфертер де қосымша түсім болады.

Еске салсақ, сенат үш жылдық республикалық бюджет туралы заңды мәжіліске қайтарған еді.

Талқылау