Әйел маркетплейстен тапсырыс берген заттардың астында тұншығып көз жұмды
Фото: La Repubblica
Италияның Верона қаласында ерекше әрі қайғылы оқиға болды. 57 жастағы әйел өз пәтерінде маркетплейстерден тапсырыс берген тауарлар қалдығының астында қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі La Repubblica-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің серігі оны біраз уақыттан бері көрмегендіктен және ол басты пәтерге оралмағандықтан бірден полицияға хабарлаған.
Құқық қорғаушылар телефон сигналын бақылап, із-түсін тапқан. Жоғалған әйел өзіне ғана қолжетімді екінші пәтерінде болғаны анықталды.
Кіреберіс бекітіліп, бұғатталғандықтан есікті ашу қиынға соққан. Кейін оның себебі көптеген ашылмаған қорап пен тапсырыс пакеттері болып шықты. Ең сұмдығы – сол заттардың астынан әйел табылды.
Полиция мәліметінше, әйел жылдар бойы жиналған тапсырыстардың салмағынан тұншығып кеткен.
“Әйел еденде жатып, көптеген пакеттің астында қалып, ондаған полиэтилен қапшықтардың салдарынан тұншығып көз жұмды”, – деп хабарланды.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол жинақтау синдромынан зардап шеккен. Әйел үнемі маркетплейстерден тауар тапсырыс беріп отырғанымен, оны мүлде ашпаған. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы күнде әйел пәтерге кіреберісте аяғы тайып құлаған, көп заттар оның үстіне құлап, орнынан тұруға мүмкіндік бермеген.
Жинақтау синдромы: адамдар ойламайтын қауіп
Мамандардың айтуынша, жинақтау қауіпті формаға өтсе, өлімге әкеп соғуы мүмкін. Бұл синдром заттарды әдеттен тыс жинаумен, оларды өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайда сақтаумен сипатталады.