Air Astana Қытайдың екі қаласына жаңа рейстер ашады
Фото: depositphotos.com
Air Astana әуекомпаниясы Қытайдың екі қаласына жаңа рейстер ашатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес жаңа рейстер Қытай және Кипр бағыттары бойынша ашылмақ.
“Шанхай – 29 наурыздан бастап Алматыдан аптасына үш рет (сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері) Airbus A321LR ұшағы ұшады. Гуанчжоу – 2 маусымнан бастап Астанадан аптасына екі рейс (сейсенбі және бейсенбі) болады. Ларнака (Кипр) – 2 маусымнан бастап Астанадан, ал 4 маусымнан бастап Алматыдан Airbus A321LR ұшағымен орындалатын рейстер ашылады”, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Air Astana әуекомпаниясы 29 наурыз бен 24 қазан аралығында жалғасатын жазғы навигацияға көшті. Бұл уақытта рейстер жиілігі артып, жаңа бағыттар ашылып, маусымдық рейстер қайта жанданады.
Жолаушы әзілдегені үшін Астана-Алматы рейсінен түсіріліп, айыппұл арқалады
“Ұшу бағдарламасы кеңейеді. Астана мен Алматыдан Бейжің, Ыстанбұл және Анталья бағыттарына ұшатын рейстер жиілігі біртіндеп артады. Мамыр айынан бастап Астанадан Франкфуртқа күнде ұшамыз Алматыдан Үрімші, Тбилиси және Ташкентке ұшатын рейс көбейеді”, – делінген компанияның хабарламасында.
Сонымен қатар маусымдық бағыттар да қайта іске қосылмақ.
Еске салсақ, осыған дейін неміс әуекомпаниясы Lufthansa Франкфурт-на-Майне қаласынан Алматыға бес, Астанаға төрт тұрақты рейсті қайта іске қосатынын жазғанбыз.